Астанада Бишімбаевқа қатысты сот отырысы жалғасты

Журналистер бұл жолы да сот залына жіберілмеді
Sputnik
АЛМАТЫ, 12 наурыз – Sputnik. Астана сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы жалғасты. Сот баспасөз залында суреттің сапасын жақсартуға уәде берді, содан кейін хабар тарату біраз уақытқа тоқтады.
Бишімбаев - бұрын сыбайлас жемқорлық үшін сотталған Қазақстанның ұлттық экономика экс-министрі. Оған бұл жолы азаматтық әйелін ерекше қатыгездікпен өлтірді деп айып тағылды.
Кешегі сот отырысында Бишімбаев өз кінәсін мойындамады және процестің ашық болуын сұрады.
2023 жылғы 9 қарашада елорда мейрамханаларының бірінде қайғылы оқиға болды – Салтанат Нүкенова дене жарақатынан қайтыс болды. Алдын ала ақпарат бойынша әйелді жұбайы Қуандық Бишімбаев ұрып-соққан. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, зардап шеккен адамға дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеген және жедел жәрдем келгенде әйел қайтыс болып кеткен.
Сол күні ІІМ мейрамханадағы төбелес фактісін ғана растап, әйелдің дене жарақатынан қайтыс болғанын айтты. Алайда полиция күдіктінің атын атаудан бас тартты.
Кейін Қазақстанның ішкі істер вице-министрі Сәкен Сәрсенов Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады. Ал ішкі істер министрлігі Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты тергеуді жеке бақылауға алды.
2024 жылдың қаңтарында Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Қуандық Бишімбаевқа "айрықша қатыгездікпен жасалған кісі өлтіруден" басқа "азаптау" бабы да жүктелетінін айтты.

Бишімбаев кім?

Қуандық Бишімбаев 1980 жылы 11 сәуірде Қызылордада дүниеге келген. Үйленген, үш ұлы мен қызы бар.
1999 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген.
2001 жылы Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің дипломын алды. Сол жылы АҚШ-тағы "Болашақ" бағдарламасы бойынша Вашингтон университетін бітірді.
Еңбек жолын "Қазақстанның Даму Банкі" АҚ-да менеджер болып бастаған.
2002 жылы Қазақстан экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі бюджеттік саясат және жоспарлау департаментінің Функционалдық талдау бөлімінің бастығы және инвестициялық жоспарлау және талдау басқармасы бастығының орынбасары болды.
2005 жылы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің кеңесшісі болып тағайындалды. Бірнеше жылдан кейін Қазақстан президентінің көмекшісі болды.
Әр жылдары Қазақстанның сауда және экономикалық даму министрінің орынбасары, "Бәйтерек" Ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы, республиканың ұлттық экономика министрі қызметтерін атқарды.
2018 жылы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев "пара алу", "сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету" баптары бойынша сотталды. Оған 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді, 2019 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты.