АСТАНА, 11 наурыз – Sputnik. Бүгін Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала сот тыңдауы өтеді. Ол жұбайы Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргені үшін айыпталып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бұрынғы министрдің қылмыстық ісі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралып жатыр. Судья – Айжан Күлбаева.
Қуандық Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылып отыр.
Олар:
Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігінің 6-тармағы – адам өлтіру, қасақана аса қатыгездікпен адам өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
Қылмыстық кодекстің 110-бабы, 2-бөлігінің 1-тармағы – адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгедей тәуелдi адамды қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немес осы мерзімге бас бостандығынан айыру).
Ал оның туысқаны Бақытжан Байжанов Қылмыстық кодекстің 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу) және 434-бабы (аса ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша айыпталып отыр.
Салтанат Нүкенованың өлімі
Өткен жылдың 9 қарашасында бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың елордадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып өлтіргені туралы хабар қоғамды дүр сілкіндірген еді.
Кейбір БАҚ беттерінде Бишімбаевтың қатты мас болғаны, тіпті есірткіге мас болғаны туралы хабарланды. Полиция марқұмның жедел жәрдем келгенше қайтыс болғанын айтты.
ІІМ сол күні мейрамханадағы жанжалдың салдарынан алған дене жарақаттарынан бір әйелдің қайтыс болғанын растаған еді. Алайда оқиғаға қатысты қандай да бір ақпарат берген жоқ: зардап шегушінің атын атаған жоқ.
Кейіннен ішкі істер министрлігі Астана мейрамханасындағы кісі өлімі бойынша Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.
Тергеу барысында оқиға болған "Bau" мейрамханасы орналасқан Гастро орталық директоры қылмысты жасырды деген күдікке ілініп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.