"ҚазМұнайГаз" бен SOCAR Қазақстан мұнайын тасымалдау мәселесін талқылады

"ҚазМұнайГаз" АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Бакуде Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясының (SOCAR) президенті Ровшан Наджафпен кездесті
Sputnik
АСТАНА, 9 наурыз – Sputnik. Қазақстан мен Әзербайжан Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбыры арқылы тасымалданатын Қазақстан мұнайының көлемін кезең-кезеңімен ұлғайтуды және Қазақстан мұнайын Баку-Супса құбыры арқылы тасымалдау мәселелерін талқылады.
"SOCAR компаниясы – ҚазМұнайГаздың маңызды стратегиялық серіктесі. Қазақстан мұнайы транзитінің көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту арқылы өзара тиімді ынтымақтастықтың дамуына жаңа серпін берілетініне сенімдімін", — деді Мырзағалиев.
Айта кетері, "ҚазМұнайГаз" және SOCAR арасында 1,5 млн тонна Қазақстан мұнайын Әзербайжан аумағы арқылы тасымалдауға қатысты қол қойылған келісім аясында Қазақстан мұнайы былтырдан бері Ақтау – Баку – Джейхан бағыты бойынша тұрақты тасымалданып келеді.
Ақтау портынан 2023 жылдың қорытындысы бойынша 1 057 мың тонна, ал 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларында 232 мың тонна мұнай жөнелтілді.
Қазақстан былтыр 90 млн тонна мұнай өндірді