АСТАНА, 8 наурыз – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр, деп хабарлады төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Мұз жиналып қалуының алдын алу үшін Сырым, Шыңғырлау өңіріндегі Өлеңті, Қайыңды және Шыңғырлау өзендерінде мұзды жару жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінде 2 мың шаршы метр аумақты алып жатқан 4 учаскеде мұз жарылған.
Бұл жұмыстар Бөрлі, Бәйтерек және Тасқала аудандарында да жүргізіледі.
Жалпы бүгінге дейін облыста 11 943 шаршы метр аумақта мұз жарылған.
Бұған дейін Қазгидромет 2024 жылға арналған су тасқынының негізгі болжамын жариялады. Ол 2024 жылдың 1 наурызындағы гидрометеорологиялық бақылаулар мен өлшемдер негізінде әзірленген.
1.
Қауіп деңгейі жоғары өңірлер: Абай, Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстары.2.
Қауіп деңгейі орташа: Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар, Түркістан және Ұлытау облыстары.3.
Қауіп деңгейі төмен: Маңғыстау облысы.Ылғал қорының көп жылдық орташа мәндеріне негізделген көлемі:
Қарағанды облысында 30-49%-ға төмен;
Ұлытау облысында 13 және 20%-ға төмен;
Ақмола облысында Қалқұтан, Жабай және Шағалалы өзендерінің бассейндерінде көпжылдық орташа көрсеткіштерден 21-43%-ға жоғары, ал Сілеті (Сілеті су қоймасына құяды), Есіл және Мойылды (Астана су қоймасына құяды) өзендерінде 26-40%-ға төмен;
Солтүстік Қазақстан облысында 57%-ға жоғары;
Қостанай облысында Тобыл, Аят (Жоғарғы-Тобыл және Қаратомар су қоймаларына құяды) және Тоғызақ өзендерінің бассейндерінде 30-98%-ға жоғары, ал Торғай мен Қараторғай өзендерінің бассейндерінде 20-23%-ға төмен.
Ақтөбе облысында Ойыл және Қосістек өзендерінің бассейндерінде 26 және 52%-ға жоғары, Ор өзені бассейнінде көпжылдық орташа мән шегінде, Қарғалы өзендерінің бассейндерінде (Қарғалы су қоймасына құяды), Елек (Ақтөбе су қоймасына құяды), Ырғыз және Темір өзендерінде 16 -68%-ға төмен;
Батыс Қазақстан облысында 17-43%-ға төмен;
Атырау облысында Ембі өзенінің бассейнінде 62%-ға төмен.
Қазіргі уақытта қардың жиналу процесі жалғасып жатқаны хабарланды.