Германияда пойыздардың 80 пайызы тоқтап тұр

Ереуілдеушілер машинистердің жалақысын көтеріп, жұмыс уақытын қысқартуды сұрап отыр
Sputnik
АСТАНА, 8 наурыз – Sputnik. Германияда темір жол қызметкерлерінің ереуілге шығуына байланысты пойыздардың тек 20 пайызы ғана жүріп жатыр, деп хабарлады 24.kz.
Ереуілдеушілер машинистердің жалақысын көтеріп, жұмыс уақытын аптасына 38 сағаттан 35-ке дейін қысқартуды сұрап отыр. Бұған дейін кәсіподақ өкілдерінің бұл талабы орындалмаған.
"Жүк пойыздарының біразы тоқтап тұр. Қаншама компания өз тауарларын уақытында ала алмай отыр. Дойче Бан пойыздарымен қатынайтын миллиондаған жолаушы да діттеген жеріне жете алмай әлек. Бұл осымен бесінші ереуіл. Бұл жолғысы жұма түске дейін жалғасады. Оның алдындағы наразылық акциялары кезінде біз келіссөздер жүргізуге дайын болдық. Бірақ кәсіподақ өкілдері дегенінен қайтпай отыр. Бір жақ қана барлық шартқа көне бергеннен түк шықпайды. Олай болмайды", - дейді Deutsche Bahn компаниясының өкілі Ахим Штаусс.

250 мың адам жолынан қалуы мүмкін

Ол аздай Германияда Люфтганза әуе компаниясының қызметкерлері де ереуіл ұйымдастырып жатыр. Олар да жалақысын көтеруді сұрайды. Сонымен қоса 3 мың еуро көлемінде қосымша бір реттік төлем талап етеді. Жыл басынан бері Люфтганза қызметкерлері үш рет ереуіл ұйымдастырған. Алдын ала есептеулер бойынша бұл жолы екі күндік наразылық акциясының кесірінен 250 мың жолаушыға өз жоспарын өзгертуге тура келеді.
"Люфтганза 2 жарым миллион еуро көлемінде рекордтық табыс туралы жария етеді. Бірақ қызметкерлерінің жалақысын көтермей отыр. Кейбір мамандар сағатына 13 еуро табады", - дейді кәсіподақ өкілі Марвин Решинский.