АЛМАТЫ, 6 ақпан – Sputnik. Павлодардағы мектептерді тексеру барысында өрескел заң бұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды облыстық прокуратура.
“Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде директор қызметкерді жалған жұмысқа орналастыру арқылы 2,5 млн. теңге иемденген”, - дейді ведомство.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қылмыстық кодекстің 189-бабы “Сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе жымқыру” бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
“Сонымен қатар тексеріс кезінде Павлодар қаласының барлық мектептерінде бейнебақылау камералары жазу функцияларысыз жұмыс істейтіні анықталды. Салдарынан бейне мұрағаттарына көруге мүмкіндік жоқ. Полицияның жедел басқару орталығына қосылмаған”, - дейді прокуратура.
Бұл кемшілік 2023 жылы "Smart City Pavodar" жобасы аясында түзетілуге тиіс болатын, алайда жеткізушінің шарттық міндеттемелерді орындамауына байланысты әлі іске асырылмаған.