Қазақстанда автогаз арзан, сала шығынға ұшырап жатыр – министр

Ресейде бір литр газдың бағасы 165 теңге болса, елімізде өңірлерге байланысты 54-86 теңгені құрайды
Sputnik
АСТАНА, 5 наурыз – Sputnik. Қазақстанда сұйытылған мұнай газының шекті көтерме сауда бағасы оны өндіру құнынан төмен. Осының салдарынан газ өндіру саласы шығынға ұшырап жатыр. Бұл туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, былтыр ішкі нарықта тұтыну 2022 жылмен салыстырғанда 400 мың тоннаға (немесе 28%-ға) өсті және 2,2 млн тоннаны құрады. Қазір с сұйытылған мұнай газына белгіленген шекті көтерме сауда бағасы оны өндіру құнынан төмен.

"Газ өндірісінің тиімсіздігіне байланысты сала шығынға ұшырайды, тұрақты жөндеу жұмыстары жүргізілмейді және жаңғыртуға қаражат салынбайды. Сұйытылған мұнай газына ең төмен бағалардың бірі – Қазақстанда. Өңірге байланысты 54-86 теңге. Салыстыру үшін Ресейде бір литр газдың бағасы 165 теңгені, Қырғызстанда – 159 теңгені, Әзербайжанда – 171 теңгені, Тәжікстанда – 273 теңгені құрайды", - деді Сәтқалиев энергетика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Ел халқының ішкі қажеттіліктерін үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында министрлік пен "Теңізшевройл" ЖШС арасында ай сайын 20 мың тонна сұйытылған мұнай газын жеткізу туралы келісімге қол қойылған.
Сондай-ақ "QazaqGaz" ұлттық компаниясы мен Солтүстік Каспий жобасының акционерлері осы жылдың соңына дейін көлемі жылына 700 мың тоннаға дейін Қашаған сұйытылған мұнай газын сатып алу-сату шартына қол қою мәселесін пысықтап жатыр.
"QazaqGaz" былтыр ішкі нарықтағы газ бағасын субсидиялауға 175 миллиард теңге бөлді