АСТАНА, 5 наурыз – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов төтенше жағдайлар министрлігіне елдегі сейсмологиялық жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкімет басшысы ТЖ министрлігі, әкімдік және басқа да мемлекеттік органдар Алматыда жер сілкінген кезде шұғыл әрекет ете білгенін атап өтті.
"Бұл жолы дабыл сиренасы мен халықты құлақтандыру жүйесі уақтылы іске қосылды. Қала халқы қабылдау пункттеріне эвакуацияланды. Бағымызға қарай, айтарлықтай зардаптар болған жоқ. Қазір болған жағдайды есептеу-бағалау жұмыстары жалғасып жатыр. Төтенше жағдайлар министрлігі елдегі сейсмологиялық ахуалға тұрақты мониторингті қамтамасыз етуі керек. Күштер мен құралдар сақадай сай болуға тиіс. Халықпен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет", - деп тапсырды Бектенов үкімет отырысында.
Сондай-ақ, ол еліміздің таулы аймақтарында сел және лай көшкіні жүру қаупіне қатысты тиісті мониторингті қамтамасыз ету қажет екенін айтты.
"Төтенше жағдай қаупі туындаған кезде шұғыл әрекет ету шараларын қабылдаңыздар", - деді премьер.
Алматы әкімі Ерболат Досаевтың ақпаратынша, қаланың 242 тұрғыны, оның ішінде 93 бала қабылдау пунктерінде түнеген. Бүгін таңертең барлығы үйлеріне оралды.
"Мектептер, балабақшалар мен жоғары оқу орындары штаттық режимде жұмыс істеп тұр", - деді қала басшысы.
4 наурыз сағат 12.30-дегі жағдай бойынша зардап шеккен бір адам қалалық стационарға жеткізілді. Ауруханада оған барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетілген.
Айтуынша, арнайы комиссия кеше сағат 13.00-ден бастап барлық қоғамдық ғимаратты сондай-ақ тұрғындардың өтінішімен басқа да объектілерді тексеруді бастап кетті. Комиссия жұмысының нәтижелері бойынша тиісті шаралар қабылданады.
"5 наурыз күні таңертең Алматы қаласында жағдай тұрақты, жедел штаб жұмыс істейді. Барлық қызмет жұмылдырылып, күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды", - деді Досаев.