АСТАНА, 5 наурыз – Sputnik. Табиғи монополияларды реттеу комитеті астаналықтардан жылу үшін артық ақша алынғанын анықтады. "Астанаэнергосбыт" компаниясы айыппұл төлеп, мыңдаған адамның төлемін қайта есептеп шығуға міндетті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан комитеттің ресми сайтына сілтеме жасап.
Қала тұрғындары қаңтар айындағы түбіртектерде жылу үшін ақының тым жоғары болғанына арызданды. Осыдан кейін комитеттің жергілікті департаменті "Астанаэнергосбыт" компаниясына жоспардан тыс тексеріс жасады.
"Оның қорытындысы бойынша есептеу құрылғылары жоқ тұтынушылар үшін жылумен жабдықтау жөніндегі коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларын сақтамау бөлігінде Қазақстан Республикасының Табиғи монополиялар туралы заңнамасының талаптарын бұзу анықталды, бұл жылудың негізсіз есептелуіне әкелді", - делінген ресми хабарламада.
Заң бұзған компания құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған табыстың 10 пайызы мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Сондай-ақ халықтан негізсіз жинаған 209 365 теңгені ақыны қайта есептеу арқылы қайтарып беруі тиіс.
Айта кетері, үйге ортақ есепке алу аспабы болмаған кезде жылу үшін төлемақы мөлшері есепке алу аспаптары бар тұтынушыларға қарағанда 20% - ға жоғары болады.