Алматыда жер сілкінісі туралы халықты жедел құлақтандыру жүйесі енгізіледі

Жүйені енгізуге 475 млн теңге бөлінген
Sputnik
АСТАНА, 5 наурыз – Sputnik. Алматыда 2024 жылғы мамыр айының соңына дейін халықты төтенше жағдайлар туралы жедел құлақтандыру жүйесі енгізіледі. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, жүйе президенттің 25 қаңтардағы мобильді құрылғылар арқылы халықты шұғыл жаппай құлақтандыру жүйесін енгізу жөніндегі тапсырмасы аясында енгізілгелі отыр.
"Алматы әкімдігі пилоттық режимде цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, қала тұрғындарын төтенше жағдайлар туралы жедел хабардар ету мақсатында биыл мамыр айының соңына дейін 475 млн теңге бөлінген Cell Broadcast технологиясын пайдалана отырып, "Mass Alert" қағидаты бойынша халықты жедел құлақтандыру жүйесін енгізуді жоспарлап отыр", - деді Досаев үкімет отырысында.
Айтуынша, дәстүрлі SMS-тен айырмашылығы Cell Вroadcast технологиясы желіге қосымша жүктеме жасамайды және базалық станциялардың антенналарын қамту аймағында орналасқан барлық абонент үшін жедел және жаппай таратуды, хабарлау уақыты мен жиілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, 4 наурыз күні Алматыда бес балдық жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулерінен бір адам зардап шеккен. Желіде зақым келген ғимараттардың фото-видеосы тарады.