АСТАНА, 4 наурыз – Sputnik. Түркияның Эрзурум қаласында XX қысқы Сурдлимпиада ойындары басталды. Дүбірлі додаға 36 мемлекеттен 1000-ға жуық спортшы қатысады.
Жарыста тау шаңғысы, сноуборд, шаңғы жарысы, шахмат, футзал және керлинг спорт түрлерінен 34 медаль жиынтығы сарапқа салынады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қазақстан тарапынан осы қысқы ойындарға шахмат, сноуборд және шаңғы жарысынан 26 спортшы қатысады. Олардың қатарында Астана қаласының спортшылары да бар. Атап айтқанда, ел намысын шахмат жарысы бойынша Әлия Мұратова мен Сұлтан Қожахметов қорғайды.
"Биыл Қазақстан қысқы Сурдлимпиада ойындарына осымен үшінші мәрте қатысқалы отыр. Спортшыларымыз жарыстың алдында Щучинск және Алматы облысында оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, қысқы ойындарға тыңғылықты дайындықпен келді. Ұлттық құрама үшін алғашқы сайыс ертең блиц шахматтан және шаңғы жарысынан басталады", - деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының директорының орынбасары Әділхан Өмірзақов.
Салтанатты шарада еліміздің туын шахматтан әлем чемпионатының қола жүлдегері, Астана қаласының спортшысы Сұлтан Қожахметов ұстап шықты.
"Бұл менің алғашқы Сурдлимпиада ойындарым. Осындай үлкен жарыста еліміздің туын ұстап шығу мен үшін мәртебе. Сенім артқан Спорт комитетіне, Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығына, Ұлттық Сурдлимпиада комитетіне және барлық қазақстандықтарға алғысымды сөзбен емес, іспен дәлелдеуге тырысамын", - деді Сұлтан Қожахметов.
Айта кетері, Сурдлимпиада ойындарына есту қабілеті зақымданған спортшылар қатысады. Жарыс алдында спортшылар аудиограммадан өтіп, қойылған талаптарға сай келетіндігін дәлелдеу қажет.
Қысқы ойындар 12 наурызға дейін созылады.