Қазақстан мен Ресей арасында 26,5 млрд долларға 135 жоба іске асырылады

Құны $14 млрд болатын қосымша 67 бірлескен жоба пысықталып жатыр
Sputnik
АЛМАТЫ, 4 ақпан – Sputnik. Қазақстан мен Ресейдің бизнес субъектілері құны $26,5 млрд болатын 135 жобаны іске асырып жатыр. Бұл туралы Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов пен Ресей үкіметінің төрағасы Михаил Мишустиннің Мәскеудегі кездесуі кезінде айтылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Тараптар сауда және инвестиция, өнеркәсіп кооперациясы, энергетика, ауыл шаруашылығы, азаматтық авиация, сондай-ақ транзиттік-көлік салаларындағы бірлескен іс-қимылдарды айқындады. Сонымен қатар мәдени-ағарту саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
"Қазіргі таңда екі елдің бизнес субъектілері құны $26,5 млрд болатын 135 жобаны іске асырып жатыр. Сонымен қатар экономиканың негізгі салаларында, атап айтқанда, машина жасау, металлургия және химия өнеркәсібінде жалпы құны $14 млрд-ты құрайтын қосымша 67 бірлескен жоба пысықталып жатыр. Бірлескен күш-жігердің арқасында 11 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ", - деп жазылған үкіметтің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Қазақстан үкіметінің басшысы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасындағы өткізу бекеттерін жаңғырту жұмыстарын жеделдету және үйлестіру қажеттігін атап өтті. 2027 жылдың соңына дейін 30 өткізу бекетінің 29-ы күрделі жөндеуден өтеді. Аталған шаралар транзитті жеңілдетуге және жалпы шекара бойында өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ "Солтүстік – Оңтүстік" халықаралық дәлізінің әлеуетін кеңейтуге, "Қазақстан – Түрікменстан – Иран" теміржол учаскесін қарқынды пайдалана отырып, көлік артериясын дамытуға баса назар аударылды.
Ал Михаил Мишустин мемлекеттер басшылары деңгейінде қол жеткізілген барлық шешім мен келісімді іске асыру үшін белсенді жұмыс істеуге әзір екенін айтты.
"Біз Қазақстанмен арадағы өзара сыйластық, сенім және стратегиялық әріптестікке негізделген қарым-қатынасты нығайтуға басымдық береміз. Өнеркәсіпте, энергетикада, медицинада, көлік инфрақұрылымында, цифрлық технологияларда ауқымды жобалар іске асырылып жатыр. Ресей мен Қазақстанның көлік және логистика саласындағы өзара іс-қимыл үшін зор әлеуеті бар екеніне сенімдімін. Біздің елдер аумақтары арқылы Еуразиядағы аса маңызды транзиттік бағыттар өтеді", — деді Михаил Мишустин.