Қоғам

Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жықты: іс сотқа жолданды

Бас прокуратура жасалған қылмыстық құқықбұзушылық онша ауыр емес санатқа жататынын атап өтті
Sputnik
АСТАНА, 4 наурыз – Sputnik. Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін ұрып-соқты деп айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық іс сотқа түсті. Бұл туралы бас прокуратура депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді.
Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сəйкес, жедел жәрдем жүргізушісінің денсаулығына жеңіл зиян келтірілген. Осыған байланысты іс Қылмыстық кодекстің 107-бабы 2-бөлігі 5) тармағынан (Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру) 293-бабы 1-бөлігіне (Бұзақылық) қайта сараланды.
"Тергеу нəтижелері бойынша 26 ақпанда қылмыстық іс айыптау хаттамасымен Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының сотына қарау үшін жіберілді", - делінген жауапта.
Бас прокуратура атап өткендей, Н. Дакебаев жасаған қылмыстық құқықбұзушылық онша ауыр емес санатқа жатады. Бұл үшін 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде ең жоғары жаза көзделген.
Қылмыстық істі сотта жəне сот сатыларында талқылау ашық түрде жүргізіледі, деді бас прокуратура.
Естеріңізге сала кетейік, оқиға 27 ақпанда Қарағанды қаласында болған. Қызылшамен ауырған бір жасар балаға келген жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін белгісіз ер адам соққыға жыққан. Осыдан кейін күдікті қылмыстық қудалау органдарынан бой тасалаған. Оған мемлекетаралық іздеу жарияланды.
1 ақпан күні бас прокуратура күдікті Н.Дакебаев ұсталғанын хабарлады. 5 ақпанда тергеу соты оны күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасын таңдады.
Қарағандыда соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі оқиғаның мән-жайын айтып берді