АСТАНА, 4 наурыз – Sputnik. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мәскеуге сапары барысында мемлекеттік думаның төрағасы Вячеслав Володинмен екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлады төменгі палатаның баспасөз қызметі.
Ол Ресей Қазақстан үшін әрдайым сенімді одақтас, стратегиялық әріптес, тату көрші екенін және солай болып қала беретінін атап өтті.
"Елдеріміз арасында сенімді саяси диалог жолға қойылған. Тығыз экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыс орнап, берік шарттық-құқықтық база қалыптасқан. Жыл өткен сайын бұл қарым-қатынастар тек нығайып келеді. Көшбасшыларымыз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин оларды дамудың жаңа деңгейіне көтерді", – деді мәжіліс спикері.
Ерлан Қошанов мәжілістің мемлекеттік думамен өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға зор мән беретініне тоқталып, Вячеслав Володинді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Бүгінде екі ел парламентшілері достық топтары, әртүрлі халықаралық және аймақтық ұйым аясында белсенді ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Заң шығару мәселелері бойынша тәжірибе алмасады.
Мәжіліс спикері Ресей мен Қазақстан шекарасындағы отандық жүк тасымалдаушылардың проблемаларын жедел шешу парламент депутаттары арасындағы өзара іс-қимылдың нақты нәтижелерінің бірі екенін айтты.
Сондай-ақ төраға өңіраралық және экономикалық байланыстың келешегі жөнінде сөз қозғады. Әлемдегі ең ұзақ шекара Қазақстан мен Ресей арасында екенін, Қазақстанның 8 облысы Ресейдің 12 аймағымен шектесетінін атап өтті.
Тауар айналымының шамамен 70 пайызы өңіраралық және шекаралық саудаға тиесілі. Мұнда да сауда қатынастарын кеңейту мен өндірістік кооперацияны нығайту үшін әлеует зор. Сонымен қатар спикерлер мәдениет пен білім беру саласындағы ынтымақтастықтың маңыздылығына назар аударды.
Ерлан Қошанов бүгінде Қазақстанда ресейлік жоғары оқу орындарының алты филиалы жұмыс істейтінін айтты.
"Кейінгі жылдары бізде инженерлік-техникалық саладағы мамандарға сұраныс жоғары. Сондықтан мемлекет басшысы елімізде техникалық мамандықтар бойынша шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашуды тапсырды. Бұл тұрғыда біз жетекші ресейлік жоғары оқу орындарымен жұмыс істеуге ниеттіміз", – деді мәжіліс төрағасы.
Кездесуді қорытындылай келе депутаттар парламентаралық ынтымақтастықты кеңейту және екіжақты қарым-қатынасты нығайту жөніндегі жұмысты арттыру туралы уағдаласты.