Білім

Елімізде наурыз айындағы ҰБТ басталды

ҰБТ-ға тіркелу 10 наурызға дейін жалғасады
Sputnik
АСТАНА, 4 наурыз – Sputnik. Қазақстанда наурыз айында өтетін ҰБТ басталды, ол 30 наурызға дейін жалғасады.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратынша, қазіргі таңда 110 мың адам ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген. ҰБТ-ға тіркелу 10 наурызға дейін Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz. сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі.
"Наурыздағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, Қазақстан азаматы емес ұлты қазақ тұлғалар, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады. Қатысушылар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды", - деп атап өтті ведомстводағылар.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгерген жоқ, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылық" міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарды. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұрады. Бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылды.
Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы – 120 сұрақ. Оның ішінде "Қазақстан тарихынан" 20 тапсырма, "Оқу сауаттылығынан" 10 тапсырма, "Математикалық сауаттылықтан" 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалып отыр.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Айта кетері, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут уақыт беріледі.
Министрлік 10 ақпанда қаңтар ҰБТ-сы аяқталғанын, оған 134 мыңға жуық адам қатысқанын еске салды. Оның ішінде талапкерлердің 76,4%-і – қазақ тілінде, 23,5%-і – орыс тілінде, 83 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Талапкерлердің 77,5%-ке жуығы шекті балл жинаған. Орташа балл 69 балды құрады. Ең жоғары балл – 137. Жалпы, 72 талапкер 130-дан жоғары балл жинаған.
Дерекқор
ҰБТ – 2024: түлектер үшін не өзгереді