АСТАНА, 3 наурыз – Sputnik. Осы жылдың соңында Украина арқылы тасымалданатын ресейлік газдың транзиті тоқтатылады. Оның салдары Еуропалық одақ елдеріне ауыр тиюі мүмкін. Себебі олар ресейлік газға тәуелді болып отыр. Бұл туралы Еурокомиссияның құпия құжатына сілтеме жасаған Politico жазды, деп хабарлайды РИА Новости.
"Бұл дегеніміз, жақын арада Еуропалық одақ, негізінен, орталық және оңтүстік-шығыс жағы жалпы газ импортының шамамен 5 процентінен айырылады. Осы құжатқа сәйкес, суық ауа райы ұзаққа созылып кетсе, бұның бәрі Украинаға арқылы келетін газға қарап отырған елдер үшін "ең жаман сценарий" болады", — деп жазды басылым.
Құжатты дайындаған мамандар газ импортына кететін шығындардың көбейетінін де жазды. Себебі көгілдір отынды жеткізудің баламалы жолдарын іздеуге тура келеді. Оған отынды сақтау құны да қосылады. Ондай диверсификация әлдеқайда қиын және қымбатқа шығады. Әсіресе, Австрия, Венгрия мен Словакияға ауыр болады.
Айта кетері, 2019 жылы Мәскеу мен Киев бес жылға арналған транзиттік келісімді рәсімдеген болатын. Оған сәйкес, "Газпром" алғашқы жылы 65 миллиард текше метр газды, ал одан кейін әр жыл сайын 40 миллиард текше метрді айдауға кепілдік беріп отыр. Ресейлік газ Украина арқылы Австрия, Венгрия, Словакия, Италия сияқты елдерге жеткізіледі.
Келісімнің мерзімі 2024 жылдың соңында аяқталады. Былтыр қараша айында "Навтогаздың" басшысы Алексей Чернышов Киевтің осы келісімді ұзартпайтынын мәлімдеген. РБК-Украина агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, келісімнің мерзімі аяқталғаннан кейін ресейлік газды алушы украиндық жүйелерді жалға алған жағдайда ғана транзит жасауға мүмкіндік беріледі.