АСТАНА, 3 наурыз – Sputnik. Қар құрсауында қалып қойған 100-ден астам автокөлік жүргізушісіне көмек көрсеткен полицейге Қасым-Жомарт Тоқаев алғыс жариялады.
"Қазақстан президенті атынан Көкпекті ауданында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде қызметтік борышын орындау барысында ержүректілігі мен жанқиярлық танытқаны үшін Көкпекті АПБ әкімшілік полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Данияр Қайырқановқа алғыс жарияланды", - деп хабарлады Абай облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Полиция қызметкеріне марапатты салтанатты түрде төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Ерлан Нұрпейісов табыс етті.
Естеріңізге сала кетсек, 16 ақпанда ауа райының қолайсыздығына байланысты Көкпекті ауданындағы жолдарда 100-ден астам автокөлік қар құрсауында қалған болатын.
Өміріне төнген қауіпке, күрделі метеорологиялық жағдайға қарамастан және жолдың бораннан көрінбеуін елеместен тәртіп сақшысы жолға шығып, қарда қалған автокөлік жүргізушілеріне жол көрсеткен.
Құтқару операциясын жүргізу кезінде азаматтық қорғау органдары мен полицейлер 381 адамды, оның ішінде 19 баланы құтқарды.