"Батпақ кешіп жүреміз": Алматы облысында ауыл тұрғындары жолдың нашарлығына шағымданды

Sputnik
АЛМАТЫ, 3 наурыз - Sputnik. Алматы облысы Талғар ауданы Қайнар ауылдық округіне қарасты Көктал ауылының тұрғындары автобустың жоғына шағымданып отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, қоғамдық көлік тұрмақ, ауылға такси де жүрмейді. Өйткені жол жаман.
"Автобус мүлдем келмейді. Ал такси шақыру деген тіпті мұң. Өйткені жол нашар деп жоламайды. Жауынды күндері аяқ алып жүргісіз, батпақ кешіп жүреміз. Көшелер де жарықтандырылмаған", - дейді Көктал ауылының тұрғындары.
Көктал ауылы
Ауыл әкімдігінің айтуынша, мәселе біртіндеп шешіліп келеді.
"Биылғы жылғы жоспарға 8 көшеге асфальт төсеуге және Еркін ауылының темір жол жақтан бастап Көктал ауылына қатынайтын жолға асфальтқа қаражат бөлінді. Мемлекеттік сатып алу порталына хабарландыру беріліп, жауабын күтіп отырмыз", - дейді әкімдіктегілер.
Тұрғындардың тағы бір шағымы - көшедегі жарықтандыру.
"Былтыр 90% көшеге электр бағаналары қойылған. Қазіргі уақытта 320 бағана бар. Істен шыққанын біртіндеп ауыстырып жатырмыз", - дейді әкімдік.
Көктал ауылы
Автобус мәселесін шешу үшін де өтініштер жазылған.
"Ауылдық округ тарапынан қалаға автобус жүргізуге сұраныстар берілді, аялдамалар орнатамыз. Алматы қаласының әкімдігі автобустар беру туралы шешіп жатыр", - дейді Қайнар ауылдық округінің әкімдігі.