АСТАНА, 3 наурыз – Sputnik. Ақтөбе қаласында полиция қызметкері отқа оранған үйден үш баланы алып шықты. Соңында өз түтінге тұншығып, есінен танып қалды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Бұл оқиға 1 наурыз күні Байғанин ауданында болған. Полиция бөлімінің аға инспекторы Әділ-ҚаҺар Кәдіров жұмысқа шығып бара жатқанда көршісінің үйінен қалың түтін шыққанын көрген. Тәртіп сақшысы бірден сол үйге жүгіріп барып, шырт ұйқыда жатқан үй иесін оятты. Сосын кәмелетке толмаған үш баланы сыртқа алып шықты. Ал ең кішкентай 5 жасар баланы алып келе жатқанда түтінге тұншығып, есінен танып калған.
Оқиға орнына өрт сөндірушілер мен дәрігерлер келіп жетті. Олар полиция қызметкерін шұғыл түрде ауруханаға жеткізді.
Қазіргі уақытта ержүрек тәртіп сақшысының өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.