АСТАНА, 2 наурыз - Sputnik. Ресей президенті Владимир Путин Сириус қаласында өтіп жатқан Бүкіләлемдік жастар фестиваліне қатысушыларға сөз арнап, шараны ресми ашты.
"Құрметті достар, Бүкіләлемдік жастар фестивалінің қатысушылары мен қонақтарын, Ресей біріктірген түрлі елдер мен халықтардың елшілерін Сочиде қарсы алғаныма шын жүректен қуаныштымын. Біздің елімізде мұндай ауқымды жастар форумы бұған дейін үш рет өткізілді. Ол іс-шаралар әркез жастар үшін шекаралар мен бөлетін сызықтардың жоқтығын растады", - деді Путин БЖФ қатысушыларына арнаған сөзінде.
Ресей басшысы Бүкіләлемдік фестивальге қатысушылардың алуан түрлілігіне назар аудара отырып, көпұлтты бірлік Ресей үшін ең үлкен құндылық екенін, ол Ресейдің негізгі қағидаларының бірін айқындайтынын айтты.
"Көпұлтты бірлік – біз үшін ең үлкен құндылық. Бұл біздің мемлекетіміз бен қоғамымыздың бүгінгі таңда өмір сүріп, дамып келе жатқан қағидаларын айқындайды", - деді Ресей президенті.
Путин БЖФ қатысушылары қауіпсіз және әділ әлемді құратын жас ұрпақ екенін айтты. Ол фестиваль осы туралы замандастар өзара талқылауға мүмкіндік беретінін мәлімдеді. Сонымен қатар РФ президенті Ресей жастар үшін мүмкіндіктер елі ретінде құрылып жатқанын айтты.
"Біз сіздерге сенеміз, жастар. Біз Ресейді жастар үшін мүмкіндіктер елі ретінде құрудамыз. Әрине, біз диалогқа әрқашан ашықпыз", - деді Ресей басшысы.
Бүкіләлемдік жастар фестивалі 1-7 наурыз аралығында Сириус федералды аумағында өтеді. Фестивальді ұйымдастырушы – Росмолодежь.