АСТАНА, 2 наурыз – Sputnik. Қазақстанда автобус жүргізушісі мамандығы бойынша білім алушылардың саны 20 есеге азайған. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаевтың Алматы облысының тұрғындарымен кездесуі кезінде айтылды.
Алматы маңындағы елдімекенде халық санының өсуіне байланысты тұрғындар "Алматы-Бішкек" тас жолының учаскесін ҮлкенАлматы айналма автомобиль жолынан Қаскелең қаласына дейін кеңейтуді сұрады.
Кездесуге Алматы облысының кәсіпкерлері де қатысты. Жолаушылар тасымалымен айналысатын өңірлік кәсіпорындардың өкілдері саланы дамыту проблемаларын көтеріп, облыстық автобус парктері үшін техниканы жаңарту бағдарламаларына жеңілдетілген шараларды қарастыру, автобус жүргізушілері үшін қажетті жұмыс өтілін азайтуды және D санатындағы жүргізуші куәлігін алу үшін жас көрсеткішін төмендетуді сұрады.
Марат Қарабаев өткен жылы бұл мәселелер бірқатар өңірде көтерілгенін айта келе, аталған сұрақ бойынша 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында шешім қабылдау жоспарланғаны туралы айтып берді. Алайда мәжіліс депутаттары министрліктің бұл бастамасын қолдамай, ендігі кезекте мәселе қайта қолға алынып жатыр.
"Біз бірінші жартыжылдықта мәжіліс бұл өзгертулерге қолдау көрсетіп, тамыз айына дейін мәселе түбегейлі шешіледі деп үміттенеміз. Атап айтқанда, жас көрсеткіші 23 жасқа дейін азайып, D1 санаты үшін жүргізуші өтіліне қойылатын талап 3 жылдан 1 жылға дейін төмендейді. Әлбетте, мұнымен мәселе толықтай шешілмейді, дегенмен алғышарттары бар. Талдау жұмыстары көрсетіп отырғандай, 2014 жылға дейін D санаты бойынша 3 жыл көлемінде 84 мың адам оқыған. Талаптар қатаңдатылғаннан кейін автобус жүргізушісі біліктілігі бойынша оқитындардың саны 4 мың адамға дейін қысқартылған. Бұл өте аз. Аталған көрсеткіштерді көрсеткен кезде халық қалаулылары да түсіністік танытып, қолдау көрсетті", - деп жауап берді министр.
Азаматтарды қабылдағаннан кейін министр Үлкен Алматы айналма автомобиль жолы жұмысымен танысып, "Алматы – Ұзынағаш" жол учаскесіне барды. Бұдан әрі Көлік министрлігінің басшысы Шамалған станциясын айналып өтетін автожол учаскесін қайта жаңарту жұмыстарының барысын бағамдап қайтты.