АСТАНА, 2 наурыз – Sputnik. Ақтөбеде бірі 26, екіншісі 23 келі марихуана сақтаған екі сотталушыға үкім шықты. Сот Алқабилердің қатысуымен өтті.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қылмыстық кодекстің "Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу" бабы бойынша іс қаралды. Оқиға былтыр қыркүйек айында болды.
Алғашында іс Қылмыстық кодекстің "Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу" бабы бойынша қаралып, кейін қайта өзгерді. Себебі Алқабилер тағылған айыппен келіспей, іс Қылмыстық кодекстің 296-бабының 4-бөлігімен дәрежеленді.
Іс материалына сүйенсек, сотталушының бірі 26,5 келі кептірілген марихуананы заңсыз иемденіп, сақтап, Ақтөбе қаласынан Қандыағаш қаласына тасымалдаған. Ал екіншісі салмағы 23,5 келі болатын кептірілген марихуананы үйінде сақтаған.
Сотта сотталушылар тағылған айыпты ішінара мойындап, екеуі де ұзақ уақыт бойы есірткі тұтынатынын айтты. Мемлекеттік айыптаушы тағылған айыпты толықтай қолдап, оларды 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
- Ұсталған кезде сотталушылардың есірткі тұтынғаны анықталды. Сот Алқабилер шешімі негізінде сотталушы И-ді Қылмыстық кодекстің "Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу" бабы бойынша кінәлі деп танып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталушы К-ге 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.