АСТАНА, 2 наурыз – Sputnik.Түркия үкіметінің шақыруымен Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу III Анталия дипломатиялық форумының жұмысына қатысты.
Үшінші рет өтіп жатқан іс-шараға 100-ден астам мемлекет және үкімет басшылары, сыртқы істер министрлері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен сараптамалық топтардың өкілдері қатысты. Биылғы форумның басты тақырыбы "Дүрбелең кезеңіндегі дипломатияны ілгерілету".
Министр Мұрат Нұртілеу өз сөзінде Қазақстанның түркі әлеміндегі ерекше рөлін, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымының қызметі шеңберінде интеграцияны оң дамытып келе жатқан бастамашы және Ұйымның негізін қалаушы мемлекеттердің бірі екенін атап өтті. Оған қоса ол қатысушыларды TURKTIME дәуірі ұранымен өтетін ұйымдағы қазақстандық төрағалықтың басымдықтары туралы хабардар етті.
"Біздің ұйым барлық түркі елдерін біріктіреді және бірлесіп интеграциямызды нығайтудамыз. Негізгі мақсат – экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту. Біз бір-бірімізге әртүрлі салаларда әлеуетті ашуға көмектесеміз, соның ішінде көлік-логистика, цифрландыру және сауда салаларында", – деп мәлімдеді Нұртілеу.
ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы ТМҰ блоктық құрылым емес және Ұйымда жасырын күн тәртіп жоқ екенін атап өтті.