АСТАНА, 1 наурыз – Sputnik. Қазақстанда Прежевальский жылқысының популяциясын қалпына келтіру шаралары іс жүзінде қолға алынды. Төрт айдан кейін Еуропадан екі ұшақпен керқұландар жеткізіледі, деп хабарлайды экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.
Прага зообағының көмегімен Моңғолияда керқұландар популяциясы қалпына келді.
"Енді Қазақстан үкіметі де бізге қолқа салып отыр. Біздің мақсатымыз – алдағы 5 жылдың ішінде "Алтын дала" резерватына 40-қа жуық жылқыны көшіріп апару", - дейді зообақтың директоры Мирослав Бобек.
2 маусымда Чехияның екі әскери ұшағы 8 жабайы жылқыны Арқалық жеріне алып келеді. Оларды Қостанай облысындағы "Алтын дала" мемлекеттік табиғи резерватына жібереді.
1960 жылдардың аяғында керқұландар мүлдем жойылып кеткен. Бірақ ғалымдар жабайы жылқының түрін сақтап қалды. Қолдан өсіруге арналған бағдарламалардың арқасында Еуропадағы зообақтарда Прежевальский жылқысының популяциясы қалпына келді. Соның арқасында керқұланды бұрын мекендеген өңірлеріне қайтаруға мүмкіндік туып отыр. Прага зоопаркінің Моңғолияда жүргізген реинтродукция тәжірибесі негізінде жабайы жылқылар Қазақстанға да қайтарылады.
Айта кетері, керқұлан (Equus przewalskii Poljakov) 2021 жылы сирек және жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарлар мен өсімдіктер тізіміне енгізілді. Бұдан бөлек, Пржевальский жылқысы Халықаралық жойылып кету қаупі төніп тұрған жабайы фауна мен флора түрлерін саудаға салу туралы конвенцияның (СИТЕС) ІІ қосымшасына кіреді.