АСТАНА, 29 ақпан – Sputnik. Армения де-юре Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының мүшесі болып қала береді. Бұл туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бұған дейін Армения премьер-министрі Николь Пашинян Ереван Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына қатысуын тоқтататынын мәлімдеген еді.
"Менде Армения өз мүшелігін тоқтатады деген ақпарат жоқ. Армения ҰҚШҰ құрамынан шығу үшін қандай да бір құқықтық қадам жасаған жоқ. Яғни де-юре ол ұйымға мүше болып қала береді", - деді Василенко сенат кулуарында.
Ол бір мемлекет одақтан шықса да, ұйым қызметін тоқтатпайтынын атап өтті.
"Елдердің бірі ұйым құрамынан шықса да, ол әрі қарай қызметін жалғастыра береді. ҰҚШҰ Қазақстан қауіпсіздігі үшін маңызды рөл ойнаған, ойнай да береді", - деді министр орынбасары.