АСТАНА, 29 ақпан – Sputnik. Қазақстан Ұлттық банкі "Сақ стилі" сериясының банкноттарын бірнеше жыл ішінде біртіндеп айналымға шығарады. Бұл туралы ҚҰБ қорларды талдау және жоспарлау басқармасының бастығы Серікжан Майданов айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Дегенмен ескі және жаңа банкноттардың айналымда қатар жүру кезеңі белгіленеді. Бұл стандартты түрде – 1 жыл, бірақ Ұлттық банк бұл мерзімді ұзартуға құқылы", - дейді банк өкілі.
Оның айтуынша, айналымда параллель жүретін кезең аяқталған соң барлық банк пен Қазпошта ескі үлгідегі банкноттарды тағы 3 жыл ішінде жаңа үлгідегі банкноттарға айырбастайды. Ал Ұлттық банктің филиалдары ескі үлгідегі банкноттарды мерзімсіз қабылдай береді.
Естеріңізге сала кетейік, "Сақ стилі" жаңа сериясымен жаңартылған номиналы 5 000 теңгелік банкноттар айналымға 2023 жылы 25 желтоқсанда шығарылды. Ал 2024 жылдың жаз мезгілінде номиналы 10 000 теңгелік банкноттар шыға бастайды.
Номиналы 5 000 теңгелік банкноттар 2024 жылдың наурыз айында жаппай айналымға түседі, себебі тиісті жабдықтарды (банкомат, терминал және т.б.) бейімдеп, елдің барлық өңіріне жеткізу үшін белгілі бір уақыт қажет.
Жалпы, осы серия аясында 2025 жылдың соңына дейін жаңа сериядағы банкноттардың барлық номиналын айналымға кезең-кезеңімен шығару жоспарланып отыр.