АЛМАТЫ, 29 ақпан – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысындағы бірнеше ауданда жұмысшылардың құқы жүйелі түрде бұзылып келген, деп хабарлайды облыстық прокуратура.
“Ақжар, Қызылжар, Уәлиханов аудандарының оқу орындарында Еңбек кодексінің 182-бабын бұза отырып, 524 қызметкер арнайы киіммен: мақта матадан тігілген халатпен, резеңке қолғаптармен қамтамасыз етілмеген және отқа төзімді алжапқыштар, қолғаптар берілмеген”, - дейді облыстық прокуратура.
Қызылжар ауданында жалпы білім беретін мектептерде үй-жай қызметкерлері резеңке қолғапсыз дезинфекциялау құралдарын пайдаланып, санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізген.
Ал Ақжар ауданындағы 5 орта мектепте 10 жұмысшы еңбек шартын жасамай жұмыс істеген.
“Сондай-ақ Петропавл қаласындағы жалпы білім беретін мектепте басшылар мен жауапты тұлғаларды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту және білімдерін тексеру ұйымдастырылмаған”, - дейді ведомство.
Прокуратура араласып жатып, қызметкерлермен еңбек шарты жасалып, арнайы киім беріліп жатыр. Ал лауазымды адамдар жауапкершілікке тартылды.