АСТАНА, 29 ақпан – Sputnik. Бүгін Ресей президенті Владимир Путин федералдық жиналыстың алдында жыл сайынғы жолдауын жасады. Осы жолы да негізгі жетістіктер жарияланып, алдағы 6 жылға басты міндеттер белгіленді. Путин Украинада қолданылып жатқан әскери қару-жарақтар туралы айтты. Сондай-ақ, көрші Еуропада тарап жатқан қауесетке де жауап берді.
Ядролық қару ғарышқа шығарыла ма
Путиннің айтуынша, қазіргі кезде теңіз күштері "Циркон" атты гипердыбыстық кешенді қолдануға кірісті. Онымен соққы да жасап көрген. Бұдан бөлек, әскерге "Сармат" кешені жеткізілді. Жақын арада осы әскери техниканы көрсетеді.
"Қазіргі кезде Ресейге қатысты негізсіз айыптар айтылып жатыр. Мәскеу ғарышта ядролық қаруды орналастыруға дайындалып жатыр дейді. Бұның бәрін әдейі таратып жатыр. Онымен Ресейді АҚШ-қа тиімді келіссөздерге қатыстыруды көздейді", - деді Путин.
Ресей басшысы Еуропада тараған қауесетті де жоққа шығарды.
"Ресей Еуропаға шабуыл жасайды деген әңгіме – бос сандырақ. Негізі, Еуропаның ойдан шығарып жатқанның бәрі шынымен де ядролық қару қолданылатын шиеленісті ушықтыруы мүмкін, яғни өркениет те жойылады", - деп атап көрсетті Путин.
Сондай-ақ ол Швеция мен Финляндияның НАТО-ға кіргенін ескере отырып, батыс жақтағы ресейлік әскери топтарды күшейту қажеттігін жеткізді.
Ұлттық жобалар
Ресей президенті өз жолдауына бірнеше жаңа ұлттық жобалардың басталатынын мәлімдеді. Олар:
"Отбасы" жобасы;
"Ұзақ әрі бесенді өмір" жобасы;
"Ресей жастары" жобасы;
"Кадрлар" жобасы;
Мәселен, "Отбасы" жобасы аясында бала туу көрсеткішін көтеріп, кедейшіліктің деңгейін төмендету жоспарланып отыр. Ресми мәліметке сәйкес, 2023 жылдың қорытындысы бойынша кедейшілік шегінен аспай жүрген ресейліктердің саны 13,5 млн адамға дейін азайған. Путиннің айтуынша, "соның өзі көп болып тұр".
"Ұзақ әрі бесенді өмір" жобасының негізгі мақсаты – азаматтардың өмір сүру жасын ұзарту. Қазіргі кезде Ресейде адамның орташа өмір сүру ұзақтығы 73 жасты құрайды. 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш 78 жасқа, ал одан кейін 80 жастан асуы керек.
"Кадрлар" жобасына сәйкес, 2028 жылға дейін жұмыс мамандықтары бойынша бір миллионға адамды даярлап шығару қажет. Ал "Ресей жастары" жобасы аясында барлық мектеп пен колледжде директорлардың тәрбие ісі жөніндегі кеңесшілеріне айына қосымша 5 мың рубль төленеді. Шағын қалаларда сынып жетекшілері мен кураторлардың жалақысы да өседі.
Бұдан бөлек, Ресейде отбасылық ипотека, үшінші бала үшін кредиттің бір бөлігін өтеу қызметі және ана капиталы бағдарламасы 2030 жылға дейін ұзартылады.
Бүгін Путин елде алкогольді тұтыну көлемінің азайғанын да ерекше атап өтті.
Экономикалық мақсаттар
Путиннің айтуынша, былтыр экономикалық өсім әлемдік көрсеткіштен жоғары болды. Ресей "Үлкен жетілікке" кіретін елдерден де озып кетті. Олай кете берсе, Ресей Федерациясы ірі экономикалық державалардың төрттігіне кіреді. Осы орайда Ресей басшысы бірқатар тапсырма да берді.
Олар:
2030 жылға дейін импортты 17 процентке дейін азайту;
салықтан жалтарған бизнеске рақымшылық жасау;
2025 жылдан бастап бизнесті тексеруге мораторийді тоқтату;
кәсіпкерлерге кредиттік каникул беру;
аймақтардың қарызын үштен екі бөлігін кешіру;
2030 жылға дейін ең төменгі жалақыны 35 мың рубльге дейін жеткізу;
Білім саласындағы өзгерістер
Келесі жылы Ресейде балабақшаларды күрделі жөндеу бағдарламасы басталады. Осы мақсатта 400 млрд рубльден астам қаржы бөлінеді. Мектептер де жөнделеді. Бұдан бөлек, 150 жаңа мектеп мен 100 балабақша салынады. Путин көшбасшылық мектептердің құрылысын да бастауды тапсырды.
Ал бірыңғай мемлекеттік емтихан тапсыратын түлектерге тағы бір пән бойынша қайта емтиханнан өтуге мүмкіндік беріледі. Осылайша, жастар тағы бір жыл күтпей, басқа мамандыққа түсе алады.
2030 жылға дейін Ресейде кем дегенде 40 студенттік қалашық салынады. Путин үкіметке орыс тілін дамыту бойынша халықаралық бағдарламаларды қаржыландыру көлемін арттыруды да тапсырды.
Украинаға барып келгендерге қолдау жасалады
Бүгін Путин "Қаһармандар уақыты" атты кадрлық бағдарламаның басталатынын жариялады. Соның аясында арнайы әскери операцияның ардагерлері 1 наурыздан бастап жетекші жоғары оқу орындарында білім ала алады.
Сондай-ақ әскери операцияға қатысып келгендерге 2 проценттік ипотека рәсімдеуге мүмкіндік беріледі.
Айта кетері, Ресей басшысының заң шығарушыларға жолдауы осымен 19-шы рет өткізіліп отыр. Бұл жыл сайын өтетін іс-шара. Тек 2017 және 2022 жылдары өтпеді.
Ресей Конституциясына сәйкес, президент Федералдық жиналыста елдегі жағдай, сондай-ақ мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жыл сайын жолдау жасайды.