"Ойнамай, тыныш отыр": қансыраған қызға дер кезінде көмектеспеген құтқарушы сотталды

Оқушы "ауыр жарақат алдым" десе, қоңырауға жауап берген кезекші сенбеген
Sputnik
АСТАНА, 29 ақпан – Sputnik. Ақтөбеде қарақшылық шабуылдан аман қалған қызға дер кезінде қол ұшын созбаған құтқарушыға қатысты сот үкімі шықты. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Абылайхан Бержанов өз жұмысына салғырт қарағаны үшін алты ай емін-еркін жүріп тұра алмайды, деп хабарлады КТК.

Осыдан он ай бұрын түн жарымында 112 құтқару қызметіне 13 жастағы София хабарласқан. Байланыс бірнеше рет үзіліп кетіпті. Кейін телефон тұтқасын көтерген кезекшінің көмекшісіне жасөспірім пышақ жарақатын алғанын, анасы мен бауырын қылмыскер өлтіріп кеткенін айтады. Бірақ оған Абылайхан Бержанов илана қоймапты. Керісінше, балаға "ойнамай, тыныш отыруын" сұрайды. Қансыраған жасөспірім осы аралықта талып қалған. Есін қайта жиып, тағы да құтқару қызметінен көмек сұрайды. Оқушы бірнеше рет мекенжайды анық айтып, "ауыр жарақат алдым" десе, қоңырауға жауап берген кезекші сенбеген.
Тек 55 минут өткен соң жедел жәрдем шақыртыпты. Енді осы жауапсыздығы үшін судья жарты жалға бас бостандығын шектеді. Сондай-ақ жәбірленуші тарапқа бір миллион теңге көлемінде өтемақы төлейді. Бірақ құтқарушы тағылған айыппен келіспеді. Ол апелляциялық арыз түсіремін деп отыр.
"Біржанов ҚР ҚК 371-бабы, 1-бөлігімен қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған алты ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалсын. Жәбірленушіге бір миллион шығынды өтесін", - деді Ақтөбе №2 сотының судьясы Ахметқали Молдағалиев.