АЛМАТЫ, 29 ақпан - Sputnik. Еуразиялық экономикалық одақ елдері 2025 жылға қарай дәрі-дәрмектің ортақ нарығын құруды аяқтап үлгермеуі мүмкін. Бұл туралы Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында ЕАЭО аясындағы дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар айналымы жөніндегі үйлестіруші Татевик Ерицян айтты.
"Дәрілік заттардың бірыңғай нарығын құру 2025 жылға дейін аяқталуы тиіс еді. Қазірдің өзінде, 2024 жылдың басында, үлгермейтініміз белгілі болды. Өйткені бес елде 20 мыңнан астам дәрі-дәрмек тіркелген. Тек аз ғана бөлігі сәйкестендірілді", – деді Татевик Ерицян Алматыда өткен 15-ші Еуразиялық фармацевтикалық форум аясында.
Оның айтуынша, қазір сәйкестендіру процесін жылдамдату және жеңілдету үшін шаралар қабылдануда. Одақ елдерінде көптеген дәрілер бұрыннан тіркеліп, айналымда болғанымен, процедура күрделі болып шықты және талаптар жоғары болды. Беларусь, Ресей, Қазақстанның өз заңнамасы болды, өз механизмдері жұмыс істеді, ал Армения еуропалық талаптармен жұмыс істеді.
"Біздің елдерде дәрілік заттардың қауіпсіздігі мен тиімділігіне әртүрлі талаптар қойылды. Дәлірек айтсақ, сараптама әртүрлі тәсілдермен жүргізілді. Нәтижесінде бізде дозалары, көрсеткіштері, қарсы көрсетілімдері бойынша ерекшеленетін дәрілік заттар тіркелді. Осының бәрін біріктіру өте қиын", - деп түсіндірді ол Татевик Ерицян.