Қазақстан өндірілген дәрі-дәрмекті ДСҰ елдеріне экспорттай алады

Бірақ мұндай дәрі-дәрмекті коммерциялық мақсатта өндіруге тыйым салынады
Sputnik
АСТАНА, 28 ақпан – Sputnik. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше кез келген мемлекет міндетті лицензия бойынша өндірілген дәрі-дәрмекті басқа елге экспорттай алады. Парламент мәжілісі зияткерлік меншік құқықтарының сауда аспектілері жөніндегі келісімге толықтыру енгізу туралы хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Түзетулер басқа елге экспорттау кезінде патентпен қорғалған дәрілік заттарды өндіруге міндетті лицензияларды беру шарттарын нақтылайды. Бұған дейін оларды тек ішкі нарыққа шығаруға рұқсат етілген.
Енді Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше кез келген мемлекет міндетті лицензия бойынша өндірілген өнімді экспорттай алады. Бірақ мұндай дәрі-дәрмек өндірісі халықтың денсаулығын сақтау мақсатында ғана жүргізіледі, коммерциялық мақсатта өндірілмейді.
Хаттама 2005 жылғы 6 желтоқсанда Женевада қабылданып, 2017 жылғы 23 қаңтарда күшіне енді. Қазіргі уақытта оны 164 мемлекеттің 111-і, соның ішінде Австралия, Қытай, Қырғызстан, Ресей, АҚШ, Жапония және басқа да елдер ратификациялады. Қалған елдер мұны 2025 жылдың 31 желтоқсанына дейін орындауы керек.