АСТАНА, 27 ақпан – Sputnik. "Тарбағатай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі" қызметкері заңсыз жалақы алып келген, деп хабарлайды Абай облысының прокуратурасы.
Мәлім болғандай, табиғи парк басшысы орман қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор ретінде ағасын заңсыз жұмысқа алған. Ол 4 жыл бойы функционалдық міндеттерін нақты орындамай жалақы алды.
Прокуратураның қадағалау актісі негізінде "Тарбағатай" МҰТП" РММ талабы бойынша сот шешімімен 5,5 млн теңге көлемінде заңсыз алынған жалақы өндірілді.
Бүгінгі күні сот шешімі заңды күшіне еніп, заңсыз төленген сома мемлекет кірісіне өндірілді.