АЛМАТЫ, 27 ақпан – Sputnik. Алматыда тізе, жамбас буындарын алмастырушылар саны күрт артты. Бұл туралы Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев брифингте айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Өткен жылы Алматы қаласында 1841 кардиохирургиялық операция, 562 нейрохирургиялық ота, лор-профилі бойынша 250 операция жасалған. Ал соңғы кезде артроз бен артрит ауруына шалдығатындар саны күрт артқан.
"Соңғы кезде артроз, артрит сынды буын ауруларының көбеюіне байланысты тізе, жамбас буындарын алмастырушылар саны күрт артты. 2023 жылы алматылық травматологтар осындай 4 670 операция жасаған. Оған МСҚ 6,9 млрд теңге төледі", - деді Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев.
Былтыр сондай-ақ 95 трансплантация жасалған. Оның құны 565,6 млн теңгеден асады. Бұл оталар МӘМС пакеті арқылы қаржыландырылған. Мұндай бір ғана отаның өзі орта есеппен алғанда 7-9 млн теңге тұрады, дейді Тілеухан Әбілдаев.
Ал биыл Алматының денсаулық сақтау саласына 334,2 млрд теңге бөлінді. Оның 158,5 млрд теңгесі МӘМС пакетіне тиесілі.