АЛМАТЫ, 27 ақпан – Sputnik. 2023 жылы Алматыда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен көрсетілген қызметтерге 140 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалды. Бұл туралы бүгінгі брифингте Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев айтты.
Жыл сайын медициналық сақтандыру есебінен кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, онкология, хирургия және тағы да басқа профильдер бойынша мыңдаған операция жасалып жатыр.
"Мысалы, 2023 жылы МӘМС арқылы 134 мыңнан астам операция жасалып, оған 78 млрд теңге төленген. Оның ішінде жоғары технологиялардың көмегімен жасалатын операциялар мен манипуляцияларға қор 21,7 млрд теңге төледі. Сақтандырылмаған азаматтар осындай операцияларды жасататын болса қалтасынан бірнеше миллион төлеген болар еді", - дейді Тілеухан Әбілдаев.
Ал биыл Алматының денсаулық сақтау саласына 334,2 млрд теңге бөлінді. Оның 158,5 млрд теңгесі МӘМС пакетіне тиесілі.
"2024 жылы алматылықтар медициналық көмекті 213 емдеу мекемесі арқылы алды, оның 122-сі – жекеменшік. Биыл қызмет көрсетушілер саны жаңа он клиникамен толықты, олардың дені бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін мекемелер, яғни емханалар мен стоматологиялық клиникалар. Олардың тізімімен қордың fms.kz сайты арқылы танысуға болады", - деді Тілеухан Әбілдаев.
Биылдан бастап Қор мен медицина ұйымдарының жұмысында көптеген процес оңтайландырыла бастады. Біріншіден, қаржыны медицина ұйымдары арасында бөліске салу процесі толығымен автоматтандырылды. Бұл қаржыландыру процесін барынша тездетуге мүмкіндік береді.
"Қазірдің өзінде үш немесе одан да көп келісімшарттың орнына бір келісімшарт, қос қаржыландыру көзінің орнына – бір пулды пайдалану жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл басы артық қағазбастылықтан арылтып, әсіресе, дәрігерлердің жұмысын жеңілдетеді. Мұның пациенттерге кері әсері болмайды, олар медициналық көмек түрлерін бұрынғыша пайдалана бермек", - деп түйіндеді филиал директоры.