Шығыс Қазақстанда сирек кездесетін жыртқыш аң видеоға түсіп қалды

Әлеуметтік желі қолданушылары да жануар аш жүр деген болжам жасады
Sputnik
АСТАНА, 26 ақпан – Sputnik. Шығыс Қазақстан облысында Алтай ауданында қауіпті жыртқыш – құну видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан YK-news.kz порталына сілтеме жасап.
Жабайы жануарды Парыгино ауылының тұрғындары түсіріп алды. Құну тура жолмен қашып бара жатқан. Қалың қар оған орманға қарай қашып кетуге кедергі болған сияқты.
Куәгерлер қашып бара жатқан жануарды жанат немесе борсық деп ойлап қалды. Бірақ орман шаруашылығының мамандары видеоға жабайы жануардың түскенін растады. Бірақ бұл – құну.
"Біздің ауданымызда құну бар. Соңғы кезде олардың саны көбейді. Себебі оны ешкім ауламайды. Видеодағы құну Бұқтырманың жағасындағы орманға қашып кеткен шығар. Ауылда оны басқа ешкім көрген жоқ", - дейді Төменгі Тұрғысын қорығының орманшысы Александр Стаценко.
Оның айтуынша, жабайы жануар қорек іздеп шыққан, я болмаса, орманда жүрген адамдар үркітіп жіберуі мүмкін.
Әлеуметтік желі қолданушылары да жануар аш жүр деген болжам жасады. Ал кейбіреулер қолдан тамақ беруге дайын екенін де жазды. Бірақ орманшылар олай істеуге болмайтынын айтып отыр.
"Кез келген жабайы жануарға жақындауға болмайды. Олар адам тұратын жерге жайдан-жай келмейді. Ауру жануар болуы да мүмкін. Сондықтан оған тамақ берген өте қауіпті. Ал құну ерекше жануар, ешкімнен қорықпайды. Өзі үлкен болмаса да, өзінен әлдеқайда ірі жануарды, мәселен, бұғы немесе маралды өлтіре алады", - дейді Стаценко.
Маманның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде Бұқтырманың маңайында бұландар көп. Олардың арасында әлсіреп қалғандар аз емес. Құну соларды ұстап жейді.