АСТАНА, 26 ақпан – Sputnik. Биыл 26 ақпанда KazSat-2 жер серігін белсенді пайдалану мерзімі аяқталады. Бұл туралы Ресейдегі Хруничев атындағы ғарыш орталығының бас директоры Алексей Варочко мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.
KazSat-2 жер серігі 2011 жылы 16 шілдеде орбитаға шығарылған болатын. Ал Қазақстаннның республикалық ғарыш байланысы орталығымен арадағы табыстау актісі 26 қарашада рәсімделді.
Осы аппаратты белсенді пайдалану мерзімі 12 жыл 3 айды құрайды және 2024 жылы 26 ақпанда аяқталады.
"Негізі, жөнделмейтін ақаулықтар болмаса, KazSat-2 жер серігін 2027 жылдың аяғына дейін пайдалануға болады. Аппаратты орбитада ұстау үшін қозғалтқышқа қажетті отын қоры сол уақытқа жетеді", - дейді Алексей Варочко.
Оның айтуынша, қазақстандық тарап жер серігін пайдалануды барынша жалғастыруға мүдделі. Ал жаңа ғарыш аппаратын жасау мәселесі әзірше талқылауға шығарылған жоқ. Осы орайда Варочко орталықтың қазіргі стратегиясын да еске салды. Бүгінде жер серіктерін емес, сан алуан санаттағы зымырандарды жасауға басымдық беріледі.
Қазіргі кезде Хруничев атындағы ғарыш орталығының мамандары "KazSat-2"-ге инженерлік тұрғыда қолдау жасап келеді. Ақкөлдегі басқару орталығынан телеметрия, функционалдық бақылау, бағдарламалық ақпарат, ұшу тапсырмалары, шұғыл және ұзақмерзімді жоспарлар сияқты мәліметтер түседі. Осының негізінде борттағы жүйелердің жағдайына талдау жасалады, ақаулықтың бар-жоғы тексеріліп отырады.
Варочконың айтуынша, KazSat-2 жер серігін жасау кезінде озық технологиялар қолданылған. Аппараттың конструкциясы өзімен бірге басқа да жер серіктерін алып кете алады. Мәселен, "KazSat-2"-мен бірге америкалық SES-3 жер серігі орбитаға шығарылған болатын.
Қазақстандағы Kazsat жүйесі қалай істейді
"Kazsat" байланыс және тарату жүйесіне екі аппарат (Kazsat-2 мен Kazsat-3) және екі басқару кешені - "Ақкөль" (Ақмола облысы) мен "Көктерек" (Алматы облысы).
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, бүгінде "Kazsat" жүйесі республиканы байланыс пен тарату қызметтерімен толығымен қамтамасыз етіп отыр. Осылайша, елдің стратегиялық және ақпараттық қауіпсіздігіне де кепілдік бар.
KazSat жер серіктерінің қызметін Қазақстандағы байланыс және тарату операторлары пайдаланады. Ал KazSat-2 Қазақстанға ғана емес, Орталық Азия елдеріне де қызмет көрсете алады.
2021 жылы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин 2024 жылдан бастап Қазақстанда KazSat-2 жер серігін пайдаланбайтынын айтқан.