АСТАНА, 26 ақпан – Sputnik. Белгілі боксшы Геннадий Головкин Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметіне сайланды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін Астанада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Бас Ассамблеясының кезектен тыс отырысында ҰОК президенті мен өзге де маңызды басқару органдарының сайлауы өтті.
"Геннадий Головкин Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті болып сайланды", - делінген ресми хабарламада.
Жаңадан сайланған комитет басшысы осы жауапты қызметті ұсынған кезде өз талабын қойғанын ашық айтты.
"Жаңа лауазымда еліміздің атынан әрекет ету – мен үшін зор мәртебе. Маған Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетін басқаруды ұсынғанда, қазақстандық спортты дамытуға өз үлесімді қосуға мүмкіндік берсе ғана, кандидатурамды ұсынатынымды айттым. Өздеріңіз білетіндей, мен саясаткер де, шенеунік те емеспін. Өз әрекетімді сөзбен емес, іспен дәлелдеп үйренгенмін", - деді Головкин.
Осы орайда ол жеке көзқарасы, жылдар бойы жиналған халықаралық тәжірибесі мен команда бар екенін ерекше атап өтті.