АСТАНА, 26 ақпан - Sputnik. Кейінгі 3 жылда елдегі авиаотын өндіру көрсеткіші жылына 439 мың тоннадан 624 мың тоннаға дейін ұлғайды, деп хабарлайды 24.kz.
Мұнай тасымалдау және мұнай өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаевтың айтуынша, зауыттардың жаңғыртылуы – президент тапсырмасын орындау.
Мемлекет басшысы азаматтық авиацияны дамыту және халықаралық әуе қатынасында ұшу географиясын кеңейту туралы міндет жүктеген еді. Көлік министрлігі әуежайлардың мүмкіндіктері мен қажеттілігін ескеріп, Jet A-1 жанармайына біртіндеп ауысу туралы шешім қабылдады.
Отынның бұл түрі әлемнің 70-тен астам елінде қолданылады. Халықаралық Jet A-1 маркалы авиаотынын шығаруға Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттары дайын.