АСТАНА, 23 ақпан – Sputnik. Украинаның Жоғарғы Радасы мерзімді әскери қызметкерлерді демобилизациялау туралы заң жобасын қабылдады, деп хабарлады украиналық депутат Алексей Гончаренко.
Украиналық БАҚ-тың хабарлауынша, заң жобасы Ресеймен қақтығыс басталған кезде қызметте болған сарбаздарды демобилизациялау мүмкіндігін көздейді. Украинада әскери жағдайдың енгізілуіне байланысты мерзімді әскери қызметшілер әскерге шақыру мерзімі аяқталғаннан кейін де қызметін жалғастырды.
"Жоғарғы Рада екі оқылымда мерзімді әскери қызметкерлерді демобилизациялау туралы заң жобасын қабылдады", - деп жазды Гончаренко өзінің Telegramканалында.
Депутат атап өткендей, заң жобасында әскери борышын өтегендерді қайта жұмылдырудан бір жылға кейінге қалдыру туралы норма да бар.
7 ақпанда Украина парламенті мобилизацияны күшейту туралы даулы заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Украина үкіметі дайындаған мобилизация туралы заң жобасы 30 қаңтарда Радаға ұсынылды.
Бұрынғы нұсқадан айырмашылығы, мүгедектер әскерге шақырылмайды.
Жаңа жобаға сәйкес, әскери міндеттілер мобилизация жарияланғаннан кейін 60 күн ішінде әскери комиссариаттарға келіп, тіркеу деректерін нақтылауға тиіс. Шақыру қағазы электронды кабинет арқылы жіберілуі мүмкін.
Әскери борышын өтеуге міндетті адам әскери комиссариатқа белгіленген мерзімде келмеген жағдайда оның шетелге шығу, көлік жүргізу құқығы шектеліп, шотыбұғатталуы мүмкін.
Заң жобасы 18 бен 60 жас аралығындағы азаматтарды мобилизациялау кезеңінде әскери есепке алу құжаттарын өзімен бірге алып жүруге және оларды әскери комиссариат қызметкерлерінің, ішкі істер органдарының, шекарашылардың өтініші бойынша көрсетуге міндеттейді.
Құжатта Жоғарғы бас қолбасшының шешімімен 36 айдан кейін демобилизациялау қарастырылған.