АСТАНА, 23 ақпан – Sputnik. Ақтөбе қаласындағы №55 мектеп гимназияның бас бухгалтері аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
"Ол 8 жыл бойы өзінің банктік шотына жалақы ретінде заңсыз аударымдар жасаған, нәтижесінде мемлекетке 413,8 млн теңге сомасында залал келтірілді", - деп жазылған хабарламада.
Тек бір жылдың ішінде ол өзіне 200 млн теңгеден астам қаражат аударған, бұл бүкіл мектептің жылдық еңбекақы қорының 30%-ын құрайды.
Сот үкімімен оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді, сондай-ақ 10 жыл мерзімге материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Сот процесіне онлайн режимде білім басқармасы мен бөлімдерінің қызметкерлері, оның ішінде Ақтөбе облысының 403 қалалық және аудандық мектептің директорлары, бухгалтерлері, педагогикалық құрамы қосылды.