Агроөнеркәсіпті қолдауға қарастырылған қаржыны екі есеге арттырамыз – Бектенов

Премьер-министр Батыс Қазақстан облысындағы жылыжай жұмысымен танысты
Sputnik
АСТАНА, 23 ақпан – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында World Green Company" ЖШС көкөніс өсіретін жылыжай кешеніне барды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Үкімет басшысы ондағы технологиялық үдеріспен танысып, дайын өнімдерді қарап шықты.
Жылыжай аумағында көкөніс өсіруге барлық қажетті жағдай жасалған: суару, желдету, көлеңкелеу, ылғалдандыру, салқындату, жылыту және басқа да жүйелер жұмыс істейді, бір жылда мұнда 6 мың тоннадан астам қияр мен қызанақ өндіріледі.
Олжас Бектенов Батыс Қазақстан облысындағы жылыжай жұмысымен танысты
"Біздің жылыжайымыз – голландиялық төртінші буын технологиясымен салынған және барлық заманауи элементтерді қамтитын жоғары технологиялық жоба. Қазіргі таңда 190 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз, олардың барлығы облысымыздың тұрғындары. Өнімдер жергілікті нарыққа шығарылады, сонымен қатар Қазақстанның көршілес облыстары мен Ресейдің жақын аймақтарында сұранысқа ие", — деді кәсіпорын басшысы Мұрат Ибрагимов.
Еліміздегі өнеркәсіптік жылыжайлардың жалпы ауданы бүгінде 223,1 га құрайды, инвестициялық субсидиялау қағидалары шеңберінде жылыжай бизнесін ынталандыру үшін шығыстарды өтеу 25%-дан 30%-ға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ тыңайтқыштар, өсімдіктерді қорғау құралдары, егіндік суы, қияр және қызанақ тұқымдары құнының 50%-ы субсидияланады.
Олжас Бектенов Батыс Қазақстан облысындағы жылыжай жұмысымен танысты
Премьер-министр ішкі нарықты отандық ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды.
"Биыл АӨК қолдау шаралары аясында 430 млрд теңге қарастырылды. Алайда президенттің тапсырмасы бойынша біз бұл соманы екі есеге арттырамыз. Сондықтан бізде ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайту перспективасы жоғары, енді белсенді жұмыс істеу қажет. Мемлекет тарапынан қажетті көмек көрсетіледі", — деді Олжас Бектенов.