АЛМАТЫ, 22 ақпан – Sputnik. Қызылорда облысы Жалағаш ауданындағы тарихи-өлкетану музейінде Жамбыл Жабаев ұстаған домбыра 16 жылдан бері сақталып келеді, деп хабарлайды 24.kz.
Шанағы қарағайдан шабылған қос ішекті аспап қоңыр үнін жоғалтпаған. Қазақ күй өнерінің шеберлері әйгілі ақын пайдаланған аспаптың құдіретіне әлі де тамсанады екен.
"Жетісулық үлгіде жасалған аспапты ақынның немересі Әлімқұл Жамбылов 1982 жылы ғалым-фольклортанушы Мардан Бәйділдаевқа сыйлаған", - дейді мұражай мамандары.
Содан бері қасиетті қара домбыра жас өнерпаздар мен ізденушілердің қызығушылығын тудырып, бірқатар зерттеу материалдарының тақырыбына арқау болған.
"Бұл құнды дүние домбыра Мардан Бәйділдаевтың туғанына 80 жылдық мерейтойы аясында өткізілген шарадан кейін ғалымның қызы Жанар Бәйділдаева жәдігерді аудандық музейге табыстайды. Содан бері қаншама келушілердің қызығушылығын арттыруда. Жалпы бізге жастардың, өнер адамдарының келуіне үлкен насихат болып жатыр", - дейді Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов.