АСТАНА, 22 ақпан – Sputnik. Қазақстанда бірнеше салада жалдамалы жұмысшылар 1 миллионнан артық жалақы алады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Finprom.kz порталына сілтеме жасап.
2023 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың 6 саласында жоғары жалақы тіркелген. Олар:
теңіз жүк тасымалы;
қаржы және сақтандыру қызметі;
міндетті әлеуметтік сақтандыру;
әуе тасымалы;
сақтандыру және зейнетақымен қамсыздандыру;
бас компания мен басқару бойынша кеңес беру.
Мәселен, былтыр соңғы төрт айдың ішінде әлеуметтік сақтандыру саласында жалақының көлемі бірден 48,3 пайызға артып, 1,6 миллион теңгеге жеткен.
Ал миллиондап ақша алатын мамандықтардың ішінде сауда компаниясының басқарма төрағасы (5,8 млн), тасымалдау саласындағы инженер (5 млн), қаржы және сақтандыру компаниясының атқарушы директоры (4,8 млн), құрылыс саласындағы коммерциялық директор (4,7 млн), әуе көлігі мен халықаралық қатынастар бойынша маман (4,5 млн) мен мұнай саласындағы компанияның бас директоры (3,9 млн теңге) бар.
Ең жоғары жалақы мұнай саласында тіркелген. Мәселен, мұнай өндіру компаниясының корпоративті хатшысы айына 2,2 млн теңге алады. Бұдан бөлек, ауызекі тілдің аудармашысы (1,8 млн), диспетчер-оператор (2 млн), маркетолог (1,5 млн) және сауда агенті (1,3 млн) жоғары жалақы алады. Олардың айлығы министрлермен бірдей болды. 2023 жылдың соңында министрлердің жалақысы 1,4 млн теңге, ал облыстық маңызы бар қалалардың басшылары 928,9 мың теңге алған.