АСТАНА, 22 ақпан – Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова коронавирус инфекциясынан вакцина салдыруға немесе ревакцинация жасауға ешқандай қажеттілік жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша қазір бүкіл халыққа коронавирустан вакцина салдыруға немесе ревакциянация жасауға қажеттілік жоқ. Тек халықтың осал топтарына, егде жастағы адамдарға егуге болады. Бірақ мұны да эпидемиологиялық жағдайға қарай әрбір ел өзі шешеді", - деді Есмағамбетова сенат кулуарында.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда COVID-19-дан вакцина жоқ.
"Қазір коронвирус инфекциясынан вакцина жоқ. Ол бізге керек те емес. Егер эпидемиологиялық жағдай өзгерсе, "OtarBioPharm" бір айда қажет дозасын шығарады. Бірақ, қайталап айтамын, ДДСҰ ұсынымына сәйкес, коронавирустан екпе алуға қажеттілік жоқ", - деді вице-министр.
Ол коронавирус инфекциясының маусымдылығы әлі анықталмағанын атап өтті. Вирус жыл он екі бойы тіркеліп отыр.