165 млн теңгені қалтаға басқан – Астанада алаяқ адвокат сотталды

Оған бірнеше рет алаяқтық жасады және аса ірі мөлшерде пара беруге итермеледі деген айып тағылды
Sputnik
АСТАНА, 22 ақпан – Sputnik. Астанада адвокат өзі қорғап жүрген адамдарды алдап, 165 млн теңгесін иемденген. Сот осы іске қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан қалалық прокуратураға сілтеме жасап.
Тергеу материалына сәйкес, адвокат өз қорғауындағы азаматтарды аса ірі мөлшерде пара беруге итермелеген. Сөйтіп, жалпы 164,9 млн теңгені иемденіп кеткен. Ал сотта алқабилерді барлық ақшаны жұмыс ақысы ретінде алғанын айтты. Бірақ прокурор оның алаяқтық жолмен қылмыс жасағанын дәлелдеп берді.
Алқабилер сотының үкіміне сәйкес, сотталушы бірнеше рет алаяқтық жасағаны және аса ірі мөлшерде пара беруге итермелегені үшін кінәлі деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған мемлекеттік қызметте өмір бойына жұмыс істеуге тыйым салынды.
"Пара нысаны заңсыз алынған мүлік ретінде танылып, мемлекет кірісіне өндірілді. Үкім заңды күшіне енді", - делінген ресми хабарламада.