Қостанайда телефон тауып алған жігіт бес жылға сотталуы мүмкін

Жас жігіт интернет-банкинг арқылы өзінің есепшотына 378 мың теңгені аударып алған
Sputnik
АСТАНА, 21 ақпан – Sputnik. Қостанай қаласында бөтен біреудің ұялы телефонын тауып алған жігіт қылмыстық жауапқа тартылып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Полицияға телефонын жоғалтып алған әйел арызданды. Оның айтуынша, ұялы телефонын жоғалтып алғаннан кейін банк картасындағы ақшасы азайып кеткен. Сөйтсе, телефонды тауып алған жас жігіт интернет-банкинг арқылы өзінің есепшотына 378 мың теңгені аударып алған.
Жедел іздестіру шаралары барысында 23 жастағы күдікті ұсталды. Ол өз кінәсін мойындады. Қазіргі кезде ақпараттық жүйені пайдалана отырып, алаяқтық жасау бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Осы қылмыс үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамның мүлкі де тәркіленеді.
Полицейлер телефонға міндетті түрде Face ID, ал мобильді косымшаларда кұпия сөзді орнату қажеттігін ескертеді.