Мәжіліс төрағасы Ресейге ресми сапар жасайды

Сапар аясында тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы мәселелерді талқылайды
Sputnik
АСТАНА, 21 ақпан – Sputnik. Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов наурыз айында Ресей Федерациясына ресми сапармен барады. Бұл туралы сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"2024 жылғы 3-5 наурыз аралығында парламент мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановтың Ресей Федерациясына, атап айтқанда Мәскеу және Қазан қалаларына ресми сапары жоспарланып отыр", - деді Смадияров сыртқы істер министрлігінде өткен апта сайынғы брифингте.
Оның айтуынша, сапар барысында Мәскеуде Ресей мемлекеттік думасының төрағасы Вячеслав Володинмен, Федерация кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен екіжақты келіссөздер, сондай-ақ Қазанда Татарстан Республикасының раисы Рустам Миннихановпен және Татарстан Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Фарид Мұхаметшинмен екіжақты кездесу жоспарланған.
Сапар аясында тараптар парламентаралық өзара іс-қимылды, сондай-ақ сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелерін талқылайды.