"Халықтық IPO" бағдарламасынан қанша ақша табуға болады – қарапайым адамның тәжірибесі

Халықтық IPO-ға қатысу үшін алдымен брокерлік есепшот ашу қажет. Бүгінде қазақстандық банктердің көбісі брокерлік компаниялар ашып алған
Sputnik
АСТАНА, 21 ақпан – Sputnik. Қазақстанда "Халықтық IPO" бағдарламасының басталғанына біраз уақыт болды. Содан бері бірнеше ірі компания биржаға өз акцияларын шығарды. Оны инвестициялық компаниялармен бірге қарапайым азаматтар да сатып алды.
Жақында "Air Astana" әуе компаниясы да KASE мен Астана халықаралық биржасына шықты. Ресми мәліметке сәйкес, жолаушылар тасымалы саласындағы компанияның акцияларына сұраныс жоғары болды. Sputnik Қазақстан тілшісі IPO-ға қатысқан қарапайым азаматтарды тауып, осы жолы акциямен қанша пайда тапқанын білді.

1 миллион теңге салдық

Ақпанның ортасында "Air Astana"-ның акциялары бірден үш биржаға шығарылды. Соның ішінде Лондон биржасы да бар. Бірақ акциялардың жартысынан көбі отандық нарықта сатылды. Ал оны сатып алғандардың арасында жеке азаматтар көп болды. Астана тұрғыны Дана Жұманбаева да акциялардың бір бөлігін сатып алды.
"Мен 1 миллион теңгеге 931 акция сатып алдым. Оған дейін бір-екі сарапшының болжамын тыңдап шықтым. Олар "Air Astana" компаниясының акциялары 10 проценттік пайда әкеледі деген. Тура солай болып шықты. Биржа ашылған күні 10 процент, одан кейін сұраныс пен ұсынысқа қарай 13 процентке дейін көтерілді", - дейді ол.
Дана Жұманова бұған дейін Халықтық IPO-ға шыққан компанияларды да зерттеп шықты. Олардың акциялары бастапқы бағадан бірнеше есеге көтерілген. Соның ішінде ҚазТрансОйл (+18,6), KEGOC (+193), ҚазМұнайГаз (+38,5) мен Қазатомөндіріс (+363,2) сияқты компаниялар бар.

IPO-да акцияны қалай сатып алады

Халықтық IPO-ға қатысу үшін алдымен брокерлік есепшот ашу қажет. Бүгінде қазақстандық банктердің көбісі брокерлік компаниялар ашып алған. Оларды әрбір банктің мобильді қосымшасынан табуға болады.
"Интернетте де брокерлік компаниялардың тізімі бар. Компанияны таңдағаннан кейін брокерлік есепшот ашылады. Оны да онлайн форматта банк қосымшасы арқылы жасауға болады. Сосын брокерлік есепшотқа ақша аударылады", - деді Жұманбаева.
Оның айтуынша, кез келген компания биржаға шығардың алдында акциялардың алдын ала бағасын жариялайды. Соны негізге ала отырып, акциялардың санын және оған кететін ақшаны есептеп шығаруға болады. Тура сол соманы брокерлік есепшотқа жіберу керек.
"Ақша бірден түседі. Банк қосымшасында "IPO-ға қатысу" деген бөлім бар. Соны таңдап, акцияға тапсырыс беру керек. Ал компанияның акциялары биржаға шығарылған күні сізге нақты қанша акция сатылғаны белгілі болады. Аударылған ақшадан аздау берсе, қалған ақшаны қайтарып алуға болады. Бірақ маған барлық сомаға сатып берді", - деп атап көрсетті Дана.

Акциядан қанша пайда көруге болады

Брокерлік есепшоттың қосымшасында "стақан" деп аталатын бет бар. Сол жерде сатылатын және сатып алынатын акциялардың санын көруге болады. Бағасы да көрсетіледі.
"Акцияларды сататын кісілер өз бағасын ұсынады. Ал сатып алатындар өз бағасын белгілейді. Мысалы, IPO-ға қатыса алмаған адамдар биржа ашылғасын өз брокерлері арқылы өтінім береді. Ал акцияны бірінші болып сатып алғандар оны 10 проценттік пайдамен сата алады. Біз де солай істедік. Ақшаны отбасылық бюджеттен алғаннан кейін жолдасым екеуіміз биржада ұзақ ұстамаймыз деп шештік. Бірден сатып жібердік", - дейді Жұманбаева.
Оның айтуынша, брокерлік есепшот IPO-ға екі күн қалғанда ашылды. Ал биржаға ашылғаннан кейін алдымен акциялардың бір бөлігі, келесі күні қалғаны сатылды.
"Осылайша, біз алған акцияларымызды екі күннің ішінде сатып жібердік. Бір миллион теңгенің үстінен 123 514 теңге таптық. Одан ешқандай комиссия мен салық ұстамайды. Негізі, акция саудасына қатысқан қызықты болды. Ол да бір тәжірибе", - деп атап көрсетті Дана.

IPO-ға қатыспаған қазақстандықтар да пайда көрді

Осы жолы Халықтық IPO-ға қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары да салынды. Ұлттық банк 24,9 млрд теңгеге "Air Astana" акцияларын сатып алды. Ақшаның бәрі бірыңғай зейнетақы қорынан алынды.
Ресми мәліметке сәйкес, зейнетақы жинақтарының ақшасына барлығы 23 миллионнан астам акция сатып алынды. 16 ақпанда бағасы 13 процентке артық болып тұрған. Қазір акциялардың құны төмендеді, үстінен түсетін пайданың мөлшері шамамен 4 процентті құрап отыр.