АСТАНА, 21 ақпан – Sputnik. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қордан қазақстандықтардың дербес деректері туралы мәліметтің шыққаны туралы деректің расталмағанын хабарлады.
Бұған дейін әлеуметтік желіде GitHub сайтындағы құжаттарға белгісіз адамдар қазақстандықтардың дербес деректерін орналастырғаны туралы ақпарат пайда болды.
"БЖЗҚ қауіпсіздік қызметі GitHub сайтында орналастырылған деректерге егжей-тегжейлі талдау жүргізді. Нәтижесінде жарияланған каталогта enpf.kz сайтының сипаттамасы ғана көрсетілгені анықталды. Бұл сайт ашық ақпарат көзі болып саналады және онда салымшылар мен алушылардың дербес деректері жоқ", - делінген БЖЗҚ хабарламасында.
Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында БЖЗҚ киберқауіптерге қарсы тұру үшін заманауи жарақталған жүйені белсенді түрде қолданады.
Бұл жүйе қордың ақпараттық технологиялық (АТ) инфрақұрылымының сыртқы және ішкі периметрін аса белсенді қорғау әдістерін қамтиды.
БЖЗҚ осы саладағы үздік әлемдік тәжірибелерді қолдана отырып, түрлі жағдайларға, ақпараттық қауіпсіздік қатерлері мен тәуекелдеріне уақытылы жауап беріп, қажетті шараларды қолдана алады.
БЖЗҚ нәтижелердің объективтілігі мен сенімділігін қамтамасыз ететін, салымшыларға олардың құпия деректерін толық қорғауға кепілдік беретін және ақпараттық қауіпсіздік саласындағы нормативтік талаптарды қатаң сақтайтын халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкес ақпараттық қауіпсіздікті басқару жүйелерінің халықаралық аудитінен үнемі өтіп тұрады.