Алматы облысында Іле өзенінің деңгейі көтерілді

Ведомство бұл учаскеде тәулік бойы "Қазгидромет"РМК бақылау пункті жұмыс істейтінін айтты
Sputnik
АЛМАТЫ, 21 ақпан – Sputnik. Аматы облысындағы Іле өзенінің гидрологиялық бекетінде су деңгейі көтерілді, деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаменті.
Іленің суы тасыса өзен бойындағы елді мекендерге қауіп төнуі мүмкін, өйткені небәрі 15 шақырым қашықтықта орналасқан. Су деңгей 462 см көтерілген. Өзеннің бетінде мұз кептелісі болған.
"Алынған ақпараттың негізінде Іле өзенінің сағасын көзбен шолып тексеру және бағалау үшін жедел топ жіберілді. Тексеру нәтижелері бойынша елді мекендерге қауіп анықталған жағдайда шаралар қабылданатын болады. Шарын ауылының ең жақын елді мекені 15-20 км қашықтықта орналасқан", - делінген хабарламада.
Ведомство бұл учаскеде тәулік бойы "Қазгидромет"РМК бақылау пункті жұмыс істейтінін айтты.
Сағат 16.00-дегі жағдай бойынша мұнда ауа-райы ашық, жауын-шашынсыз, ауа температурасы -7 градус аяз.
Бұған дейін төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов Қазақстанның он өңірінде су басу қаупі бар екенін айтқан болатын.
Қазгидрометтің алдын ала болжамы бойынша ақпан мен наурыз айларының соңында республиканың оңтүстік-шығыс, солтүстік және орталық бөліктерінде тәулігіне айлық нормамен мол жауын-шашын түсуі мүмкін.
Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан,
Жетісу, Батыс Қазақстан, Ақмола, СҚО, Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарында су тасу қаупі бар.
""Көктем" республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шеңберінде басқару органдарының күштері мен құралдарының нақты дайындығы тексерілді. Халықты хабардар ету пысықталды, азаматтарды жинау пункттері дайындалды. Бірақ жыл сайынғы тәжірибе көрсеткендей, бұл жеткіліксіз", - деп мойындады ТЖМ басшысы үкімет отырысында.
Оның айтуынша, барлық алдын алу шараларына қарамастан, жыл сайын Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарының елді мекендерін су басады.